Новости и события

Каспийді Аралдың тағдыры күтіп тұр ма?

KZ
20 жылдан аз уақыт ішінде Каспий теңізінің ауданы 34 мың шаршы шақырымнан астамға қысқарды. Салыстыру үшін айтсақ, бұл – Африкадағы ең үлкен көлдердің бірі – Танганьика көлінің (32 900 км²), немесе Бельгияның (32 545 км²) аумағынан да үлкен, сондай-ақ әледегі тағы 138 елдердің ауданынан үлкен. Бұдан бөлек, Каспий теңізінің су сапасы да өзгеріп, таза судан орташа ластанған деңгейге дейін нашарлады. Кей кездері зиянды заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясы да асып түсуде. Орталық Азия Климаттық Қорының сарапшылары Каспий теңізіне қатысты өзекті мәселелер бойынша шолу дайындады.
Бірегейлік
Каспий теңізінің бірегейлігі – оның дүниежүзілік мұхитпен байланысы жоқ әлемдегі ең үлкен су айдыны болып табылатындығы. Негізінде бұл тұйық көл, бірақ оның шығу тегі ежелгі Тетис мұхитымен байланысты. Каспий теңізінің түбі мұхиттық жер қыртысынан құралғандықтан, ол ішкі континенттік тұйық теңіз ретінде де жіктеледі.
Каспий теңізінің суы тұзды, тұздылық деңгейі теңіздің әр бөлігінде әртүрлі, оңтүстік бөлігінде ол жоғарырақ.
Каспий – Байкал және Танганьика көлдерімен бірге әлемдегі ең терең көлдердің қатарына кіреді.
Каспий теңізінде көптеген жануарлар түрі мекендейді, олардың ішінде ерекше каспий итбалығы да бар. Сондай-ақ мұнда әлемдегі ең ірі бекіре тұқымдас балықтардың уылдырық шашу орындары орналасқан.
Судың тайыздануы
Тұйық су қоймасы болғандықтан, Каспий теңізінің деңгейі су балансының сипаттамаларының өзара байланысынан туындаған елеулі ауытқуларға ұшырайды. Бұл ауытқулар Каспий маңы аймағындағы өзендерге антропогендік әсердің және климаттың өзгеруінің әсері тиіп жатқанымен байланысты.
Каспийге шамамен 130 өзен құяды. 1970-жылдардың басына қарай бұл өзендердің барлығы дерлік реттелген. Өзеннің жалпы ағынының 86,1%-ы Еділ өзеніне, 5,1%-ы Құра өзеніне, 2,9%-ы Жайық өзеніне (біршама төмендеген), 2,4%-ы Терек өзеніне және қалған 3,5%-ы басқа өзендерге тиесілі.
Кең территориясы мен мұхиттан шалғай орналасуына байланысты Каспий аймағындағы климат жалпы ғаламшарға және оның ішінде Қазақстанға қарағанда әлдеқайда жылдам жылынуда.
«Қазгидромет» РМК деректері бойынша 1976-2024 жылдар аралығында орташа жылдық ауа температурасының өзгеруі жер шары бойынша әр 10 жыл сайын +0,19°С, Қазақстан үшін әр 10 жыл сайын +0,36°С, Каспий маңы өңірі үшін әрбір 10 жыл сайын +0,51°С болды.
Жүйелі бақылаулар кезеңінде (1900 жылдан 2023 жылға дейін) теңіз деңгейі минус 25,74 м БС (1900) минус 29,01 м БС (1977) дейін өзгерді.
БС (Балтық биіктік жүйесі) — биіктік пен тереңдік өлшеу жүйесі, Кронштадт футштағының нөлдік деңгейінен есептеледі.
Каспий теңізін бақылау тарихында теңіз деңгейінің бірнеше төмендеуі және көтерілу кезеңдері болды:
- 1940-1977 жылдар аралығында теңіз деңгейінің төмендеу қарқыны жылына 4 см (жалпы төмендеуі 1,2 м) болды;
- 1978–1995 жылдары теңіз деңгейі жылына 13 см көтерілді (жалпы көтерілуі +2,5 м);
- 1996-2023 жылдары жылына 8 см төмендеу кезеңі болды (жалпы төмендеуі 1,83 м құрады).
Қазіргі уақытта Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі жалғасуда. 2006–2024 жылдары теңіз деңгейі 2,14 м төмендеді. 2025 жылдың алғашқы жартысында теңіз деңгейі орташа есеппен −29,28 м БС болды.
Ресейдің Мемлекеттік океанографиялық институтының деректері бойынша, 2006 жылдан бастап Каспий теңізінің су беті 392,3 мың км²-ден 357,9 мың км²-ге дейін, яғни 34,4 мың км² қысқарды.
NASA-ның 2020–2025 жылдарға арналған спутниктік мәліметтері теңіз деңгейінің жылына шамамен 7 см жылдамдықпен төмендеп жатқанын көрсетеді. Бұл — дүниежүзілік мұхит деңгейінің көтерілуінен 20 есе жылдам. Егер бұл үрдіс жалғаса берсе, 2050 жылға қарай тереңдігі 5 м-ден аспайтын солтүстік бөлігі толықтай құрғап кетуі мүмкін.
Ғалымдардың болжамдары климаттың өзгеруі сценарийіне байланысты әртүрлі болып келеді. Осылайша, 2100 жылға қарай оптимистік сценарий бойынша (температураның +1,5°С көтерілуі) теңіз деңгейі 5-9 м-ге, нақты сценарий бойынша (+2-3°С) 10-15 м-ге төмендейді. Апатты, бірақ мүмкін болатын сценарий +4°C және одан да жоғары жылынуды және Каспий теңізінің 18-21 м-ге таяздануын қарастырады.
Егер соңғы сценарий жүзеге асса, су бетінің ауданы 30%-ға, ал су көлемі екі есеге жуық азаяды.
Ластану
Каспий теңізінің тағы бір мәселесі - белсенді мұнай өндіруге байланысты судың ластануы.
Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде су сапасына мониторинг жүргізу 50 жағалау нүктесінде жүзеге асырылады: оның 22-сі Солтүстік Каспийде, 28-і Орта Каспийде орналасқан.
«Қазгидромет» РМК деректеріне сәйкес, 2005 жылдан 2018 жылға дейін Каспий теңізіндегі су сапасы «таза» деңгейден «орташа ластану деңгейіне» дейін өзгерген.
Солтүстік Каспийде 2007–2009 жылдары шекті жол берілетін концентрация (ШЖК) бойынша артық мөлшер мыс, жалпы темір, нитритті азот элементтері бойынша тіркелген. 2009 жылы алты валентті хром (Cr6+) бойынша – 1,2 ШЖК, ал 2013 жылы – 1,1 ШЖК мөлшерінде асып түскен. 2010–2012 және 2014–2018 жылдары ШЖК бойынша артық мөлшер анықталмаған.
Орта Каспийде 2006–2008 және 2010–2012 жылдардың жекелеген айларында мыс, марганец, мырыш, үш валентті хром (Cr3+) бойынша – 1,1 ШЖК (2011 ж.), сондай-ақ мұнай өнімдері бойынша асып кету байқалды. 2013–2014 жылдары мұнай өнімдері бойынша артық мөлшер 1,2–2,3 ШЖК аралығында болған. 2015–2018 жылдары ШЖК асып кеткен жағдайлар тіркелмеген.
2019 жылдың қаңтарынан бастап, Қазақстанда су нысандарының жағдайын бағалау үшін су сапасының бірыңғай классификация жүйесі қолданылады. Бұл жүйе нақты мәліметтерді көпжылдық бақылау деректерімен салыстыра отырып, судың жағдайын алты класқа бөледі — «ең жақсыдан» бастап «ең нашарға» дейін. Жүйе суды экожүйелік, балық шаруашылығы, ауыз су, рекреациялық, суару, өнеркәсіп, гидроэнергетика және көлік мақсатында пайдаланудың талаптарын ескеруге мүмкіндік береді.
«Қазгидромет» РМК мәліметі бойынша 2019 жылы Каспий теңізіндегі су сапасы «5-кластан жоғары» деп бағаланды – бұл барлық су пайдаланулар үшін жарамсыз дегенді білдіреді. Алайда соңғы жылдары ластану деңгейінің өсу үрдісі байқалмайды.
Жойылып кету қауіпі
Каспий теңізі шамамен 5–7 миллион жыл бұрын, ежелгі Тетис мұхитының бір бөлігі шағын су қоймаларына бөлінген кезде қалыптаса бастаған. Геологиялық тарихының және мұхитпен оқшау орналасуының арқасында бұл жерде ерекше флора мен фауна дамыды. Алайда бұл экожүйе жойылып кету қаупінде тұр.
Каспий итбалығының саны соңғы 100 жылда 90%-ға қысқарған: ХХ ғасырдың басында олардың саны шамамен 1,2 миллион болса, қазір 100 мыңға жетпейді. Бұл жануар – тек Каспийде ғана мекендейтін эндемик, сондықтан жойылып кету қаупі өте жоғары.
Көптеген итбалықтардан айырмашылығы, каспий итбалығы тек қана теңіздің солтүстігіндегі мұз үстінде, қаңтар–ақпан айларында көбейеді. Аналықтарының буаздық мерзімі 11 ай, сондықтан кез келген экологиялық немесе климаттық өзгеріс популяцияға тікелей әсер етеді.
2023–2024 жылдары жүргізілген зерттеулер Каспий теңізіндегі қысқы мұз жамылғысы соңғы 20 жылда 40%-ға қысқарғанын көрсетті. Егер теңіз деңгейі 5 метрге түссе, итбалықтардың көбеюіне жарамды мұз аумағы 81%-ға қысқарады.
Сонымен қатар итбалықтарға «залежкалар» деп аталатын – құрлықтағы тынығу, түлеп, көбейетін орындар қажет. Теңіз суының шегінуіне байланысты дәстүрлі залежкалар қолжетімсіз болып барады, ал жаңа пайда болған аралдар мен отмельдер көбіне жарамсыз.
Бұдан бөлек, су ластануы, балық қоректік базасының азаюы (артық балық аулауға байланысты) да популяцияға теріс әсер етеді. Көптеген итбалықтар балық аулау торларына түсіп қаза табады.
Каспий теңізінде алты түрлі бекіре тұқымдас балық мекендейді: белуга, орыс бекіресі, парсы бекіресі, севрюга, шип және стерлядь. Бұл балықтардың барлығына жойылып кету қаупі төніп тұр. Теңіз деңгейінің төмендеуіне байланысты өзен сағалары таязданып жатыр, бұл балықтардың уылдырық шашатын жерлерге жетуіне кедергі келтіреді. Сонымен қатар жағалау маңындағы қоректену алаңдары да жойылып жатыр, өйткені олар бірінші болып құрғайды. Браконьерлік те бекіре тұқымдастарға айтарлықтай зиян келтіруде.
«Каспий теңізінің тартылуы – бұл климаттың өзгеруі, өзендердің су ағысының азаюы және басқа да факторлардың жиынтығынан туындаған өзекті мәселе. Теңіз деңгейі төмендеп, жаңа құрлық аумақтары пайда болуда, жағалау сызығы өзгеріп жатыр. Бұл экологиялық әрі экономикалық салдарға әкелуі мүмкін.
Біздің қордың міндеті – бұл мәселеге Каспий жағалауындағы елдердің ғана емес, бүкіл әлемдік қауымдастықтың назарын аудару және Арал трагедиясы қайталанбауы үшін шешу жолдарын бірге іздеу.
Каспий теңізінің мәселелеріне арналған арнайы сессия 2026 жылы Астанада өтетін Аймақтық экологиялық саммитте өтеді», – деп мәлімдеді Орталық Азия бойынша климаттың өзгеруі және жасыл энергетика жөніндегі жобалық офисінің басшысы Ерлік Қаражан.